Қазақстан Республикасы Ұлттық Экономика Министрлігінің Ресми Интернет-Ресурсы

Кеңсе телефоны +7(7172) 743-798, 743-796, 743-801

RSS

Нұрсұлтан Назарбаев: Халқымыз ештеңеден қорықпауы керек

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев желтоқсанның 29-ында Қазақстанның мемлекеттік жетекші алты бұқаралық ақпарат құралының басшылары: «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» ААҚ президенті Сауытбек Абдрахмановқа, «Казахстанская правда» республикалық газеті» ААҚ президенті Александр Тараковқа, «Хабар» агенттігі» АҚ бас директоры Гүлнәр Ықсановаға, «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Жанай Омаровқа, «ҚазАқпарат» ұлттық компаниясы» АҚ президенті Дәурен Дияровқа, «Астана қаласы телехабары» ЖШС бас директоры Серік Сәлиевке сұхбат берген болатын. ҚазАқпарат осы сұхбаттың мәтінін ұсынады.

 

Сауытбек Абдрахманов (“Егемен Қазақстан” республикалық газеті” акционерлік қоғамының президенті): – Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы елдегі жағдай жайынан хабар ететін дәстүрді жалғастырғаныңызға алғысымызды айтамыз. Алдымен Қазақстан журналистерінің атынан Сізді келіп қалған Жаңа жылмен құттықтап, барша жақсылықты, барша сәттілікті тілегіміз келеді. Жаңа жылдың алдында еліміздің телекөрермендері, оқырмандары, тыңдаушылары үшін Қазақстанның 2008 жылы жүріп өткен жолы, 2009 жылы алатын асулары туралы әңгімелеп берсеңіз дейміз. Сіздің кіріспе сөзіңізден кейін біздің журналистер өздерінің сұрақтарын қойса.

 

Н.Ә.НАЗАРБАЕВ: Қазақтың тарихындағы тұңғыш толық мағынасындағы тәуелсіздік өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында үлкен қиындықпен келді, оны біз үлкен қиыншылықтармен сақтап қалдық. Құдайға шүкір, ауыр жағдайда елді аяғынан тік тұрғыздық, бүгінде мемлекетіміз нығайды, бекітілген шекарамыз бар, қуатты Қарулы Күштеріміз бар, жеткілікті қаражатымыз бар. Ауыл шаруашылығын да жолға қоя алдық. Барлық салаларда аса ауқымды жұмыс атқарылды. Өтіп бара жатқан жылда экономикада көп ілгерілеу болды. Өнеркәсіп көшбасшыларының қатарына Қарағандыдағы кремний, сондай-ақ арматура шығару зауыттары, Павлодардағы алюминий зауыттары қосылды. Электр қуаты жағынан еліміздің батыс өңірі Ресейге тәуелді еді, қазір электр желісі Қостанайдан асып барып Ақтөбеге жетті. Екібастұздан келетін электр жүйесінің бірінші кезегі Оңтүстік Қазақстанға жетті, бұл желі Алматы, Жамбыл облыстарына көп пайдасын тигізеді. Бірнеше цемент зауыттары салынды Қазақстанда. Шымкентте мата тоқитын үлкен фабрика ашылды, онда матадан киім де, үйге қажетті заттарды да шығарады, джинс маталары да тігіледі, 600-700 адам сол жерден жұмыс табатын болады. Келесі жылы сондай үлкен екі фабрика салынады. Шар – Өскемен темір жолын іске қостық. Бұрын біз Өскеменге жету үшін алдымен Ресейге барып, шекара асып, бері қайтып оралып жүретінбіз, қыруар уақыт жұмсайтынбыз. Қазір сол 150 шақырымдық жол 12-15 сағат уақытты қысқартты, жүк тасымалы, адам тасымалы жөнінен көп үнем жасалды. Тарихымызда тұңғыш рет автобан салдық, 240 шақырымдық сол жолмен Бурабайға жетіп, әрі қарай Көкшетауға асамыз. Түбі ол жолды Қарағандыға әкеліп, Алматыға қарай жалғайтын боламыз. Қорғастан бері келетін екінші темір жолдың жұмысы басталды. Келесі жылы Жезқазғаннан жаңа жол тартуды бастаймыз. Оңтүстік Қазақстан облысында Көксарай су қоймасын салып жатырмыз. Ендігі жылдан бастап сол жерде 1 миллиард текше метр суды ұстаймыз. Сонда тасқын су Қызылорданы алып кетеді деп қам жемейтін боламыз, күрішке керек уақытында су беріледі. Осындай үлкен-үлкен шаруалар атқарылуда. Келесі жылы Астанада локомотив зауыты, Атбасарда электровоз зауыты салынады, Балқаштағы электр стансасы салына бастайды, Батыс Қазақстанда мұнайды өңдейтін үлкен зауыт, битум шығаратын зауыт салынатын болады. Теміртауда қазіргі зауыт сияқты екінші зауыттың құрылысы басталады. Осындай қыруар шаруа атқарылады.

 

2008 жыл, Тәуелсіздігіміздің 17-ші жылы, бұрынғы жылдар сияқты, қауырт шаруаларға толы өтті. Бұл жолы біздің бәріміз күрделі әлемдік қаржы дағдарысына куә болдық. Дағдарыс бүкіл әлемді шарлап барады, баршаны қамтып барады. Бұрын да мұндай дағдарыстар болған, мысалы, АҚШ-тағы 30-шы жылдардың Ұлы күйзелісі белгілі. Алайда, ол кездегі Кеңес Одағы сол күйзелісті сезіне қойған жоқ. Еуропа сезінді. Қытай да, тегі, сезіне қоймаған шығар.

 

Біздің есімізде бұрынғы Кеңес Одағындағы дағдарыс әлі тұр, үлкен елдің қирауы оңайға түскен жоқ. Алайда, оны да негізінен сол бұрынғы Кеңес Одағының тұрғындары сезінді, өзге әлемге оның әсері бола қойған жоқ. Біз ол дағдарысқа қатты қиналдық, үлкен ауыртпашылықтарды бастан кештік.

Үшінші дағдарыс – Оңтүстік-Шығыс Азиядағы дағдарыс. Оның өзі Американы, Еуропаны қамти қойған жоқ. Ал мынау жаһандық дағдарыс, бұл баршаға әсер еткелі отыр.

Мәселенің мәнісін қарапайым тілмен түсіндіргенде былай. Бәрі де қалыпты еді, Америкадағы дағдарыстың бізге не қатысы бар, бір-бірімен байланыспайтын нәрселер ғой деген сияқты айта беруге болады. Біз осы жылдардың ішінде көп өзгердік, ашық экономикалы ел құрдық, еркін елдердің ашық қоғамын құрдық, шекараларды аштық, сөйтіп экономикамыз бүкіл әлеммен байланысқа шықты.

Мұның қандай жақсы жағы болды, біз бұдан не ұттық? Не ұтқанымызды ұзақ айтуға болады: осының арқасында 80 миллиард АҚШ долларындай тікелей шетелдік инвестицияларға қол жеткіздік. Осының арқасында біз экономикамызға өзіміздің ішкі ресурстарымыздан 80-90 миллиард доллар шамалас ақша тарта алдық. Міне, ашық экономиканың бізге бергені. Яғни, біздің экономикамыздың өсуінің бәрі біздің ашықтығымыздың арқасы.

 

Ал енді мұның қандай жаман жағы болды? Жақсы десек те, жаман десек те, осынау жаһандық экономикадағы оқиғалардың бәрі бізге де қатысты бола бастады. Бір-ақ мысал келтірейін. Егер Америка рецессияға түссе, яғни экономикасы төмендесе, Америкамен сауда жасайтын ең ірі ел – Қытай өзінің өнімін өткізе алмайтын болады. Егер Қытай Америкаға өзінің өнімін өткізе алмаса, онда Германия мен Франция сияқты бай елдер өздерінің құрал-жабдықтарын Қытайға жеткізе алмай қалады, өйткені, енді ол құрал-жабдық керек болмай қалады. Егер Қытайға Германиядан, Франциядан станоктар, мәшинелер, тетіктер жеткізілмесе, олар Ресейден металл алмайды. Егер олар Ресейден металл алмаса, Ресей бізден темір рудасын алмайды. Біз оны енді қайда өткіземіз? Бұл тізбек жөнінде ұзақ айта беруге болады.

 

Америка экономикасына не болды дейсіз ғой? Өткен ғасырдың 90-шы жылдарынан Америка экономикасы төмендеуді, құлдырауды сезіне бастаған еді. Егер естеріңізде болса, сол кезде американдық тауарлардың сапасы жапондық тауарлардан төмендеп кеткен еді. Егер естеріңізде болса, сол кезде жапон автомобильдеріне демпингке қарсы шаралар қолданылған еді, Ресейден болат тасуға да қарсы шыққан еді. Мұның бәрі американдық тауарлар өзгелердің жақсы тауарларымен салыстырғанда бәсекеге шыдас бере алмай жатқанын көрсететін. Әрине, бұл сезіліп тұрды. Сондықтан да экономиканы жандандыру үшін бір нәрсе жасау қажет болды. Олар сол кезде сұранысты көтермелеу дегенді ойлап тапты. Халықтың сұранысын көтерсе, жұрт тауарлар сатып алатын, өнеркәсіп орындары іске қосылатын, адамдар жұмыс істейтін болады. Сол үшін арнаулы қорлар құрылды, ақша жинақталды, сөйтіп ол ақшаны адамдарға тұтыну несиесі ретінде бере бастады, бергенде де төменгі пайызбен бере бастады. Жұрт ол несиені ала бастады, үй сала бастады, мәшине, тоңазытқыш ала бастады, демалысын жақсартты. Бәрі де жап-жақсы сияқты еді. Күндердің бір күнінде әлгі тізбек жұмыс істеуін тоқтатты. Орасан мол ақша жұртшылыққа тұтыну несиесі ретінде таратып берілді, ол сомаға облигациялар шы-ғарылды. Ол облигацияларды еуропалық банктер, бүкіл әлемдік банктер сатып ала бастады. Америка экономикасы – алып экономика, мызғымайды, ақшаны соған салайық десті жұрт. Америка Құрама Штаттарымен құрдас деуге болатындай “Merrіll Lunch” сияқты банктер шынында да мызғымас банктер саналатын. Сөйтіп жұрттың бәрі ақша салып, ақша таба бастады. Еуропада ол ақша тіпті көбейіп кетті, олар енді әлгі ақшаны дамушы елдерге, яғни бізге ұсынатын болды.

2003, 2004 жылдардың өзінде-ақ мен қаржыгерлер конгресінде сөйлегенімде: “Банкирлер қарызды бас жоқ, көз жоқ ала бермесін, өйткені мұның бәріне мемлекет жауап беретін болады. Сіздерге несиені біздің еліміз бай болғандықтан, экономикасына реформа жасалғандықтан, мемлекеттің рейтингіне сеніп беріп отыр. Абай болыңыздар. Бұлай етудің жөні жоқ”, дегенмін. Егер біздің банкирлеріміздің, соның ішінде Әбләзовтің, Сұбханбердиннің сол кездегі сөздерін қарасаңыздар көресіздер, олар: “Біз – жеке компаниялармыз. Нұрсұлтан Әбішұлы, біз ол ақшаны алуымыз керек, экономикаға салуымыз керек. Бүкіл әлем сөйтеді”, деп сөйледі. Оған қоса “Үкіметке айтыңызшы, олар бізге қысым көрсетпесін”, десті. Міне, аяғы мынандай болып шықты.

 

Ал екінші жағынан мен мұны тіпті жаман нәрсе деуге болмайтынын үнемі айтып жүрмін. Сол ақшалардың арқасында біздің банктеріміз не істеді? Бүкіл Қазақстанда құрылыс қарқын алған жоқ па? Ауыл шаруашылығына да салды, өнеркәсіпке де салды ақшаны. Дегенмен, сақ болу керек еді, біздің заңдарымыз да қатаңырақ болуға тиіс.

 

Әлемдік қаржы дағдарысының шығу анатомиясы осындай.

Жарайды, біз бұл іске кірісіп кеттік. Алдымен 2007 жылы сезіндік мұны. Мен сол кезде қаржы секторын, шағын және орта бизнесті, құрылысты қолдауға 4 миллиард американ долларын бөлу жөнінде тапсырма бердім, оның 3 миллиарды игерілді. Сондықтан, көрдіңіздер ме, шағын және орта бизнес жұмыс істеп тұр, сауда жұмыс істеп тұр, басқалары да жұмыс істеп тұр, құрылыс та толықтай тоқтап қалған жоқ. 2008 жылы біз дағдарыстың екінші қуатты толқынын сезіндік, енді ол бүкіл әлемге әсер ете бастады.

Біз дағдарыспен күреске бөліп отырған 10 миллиард американ доллары нақты бес бағытқа жұмсалады.

Оның біріншісі – банк секторын тұрақтандыру. Мемлекеттің банктер капиталына кіріп, акцияларының 25 пайызын сатып алатыны, сол үшін ақша қосатыны – бірінші көмек. Екінші көмек – мемлекеттің 5 миллион теңгеге дейінгі салымдарды қайтаруға кепілдік ететінін мәлімдеуі. Мемлекет зейнетақы салымдарын қайтаратынын да мәлімдеп отыр. Тағы бір көмек – Стресті активтер қорын құру, ондай жағдайда банктердің нашар активтерін мемлекет сатып алады да, оларды сол активтерден босатады, сөйтіп, одан әрі жұмыс істеуіне кеңістік ашады. Мұны бір деңіз.

 

Екінші – үлескерлер мәселесі, құрылыс мәселесі. Ондаған мың адам әрі ақшасыз, әрі уәде етілген пәтерсіз қалып қойды. Сондықтан мен тиісті тапсырма бердім. Бұл жағдай біздің елімізде орын алып отыр ғой, олардың бәрі біздің азаматтарымыз ғой. Оларға ақшаны тегін бермеуді, банктер бере алмай отырған несие түрінде беруді тапсырдық, пәтерлерін алсын дедік. 20,5 мың үлескер осының арқасында қазірдің өзінде пәтерлеріне кірді, қалған пәтерлерді 2009-шы, 2010-шы жылдарда салып бітіреміз.

Үшінші мәселе – шағын және орта бизнес, бұл сала да зардап шекпеуге тиіс. Айтқандай, бұл дағдарыстан экономикасының 90 пайызы шағын және орта бизнестен тұратын Германия неғұрлым аз зардап шегетін болады. Өйткені, оларда алып кәсіпорындар аз. Шағын және орта бизнес бүкіл Германияға шашырай орналасқан, олар бұл жағдайдан көп қиналмай шығады.

Мен бизнеске барлық мүмкіндікті ашыңдар, кедергілерді жойыңдар, оларды күн сайын тексергенді қойыңдар, несие беріңдер деп дәйім айтамын. Мына жағдай сол сөздің дұрыстығын көрсетіп отыр. Біз арнаулы қаржының бір бөлігін – 5 миллиард долларды банк жүйесіне, 1 миллиард доллардайды тұрғын үйге, 1 миллиард долларды шағын және орта бизнеске бөлеміз. Алдағы үш жылда ауыл шаруашылығына 360 миллиард теңге бөлінеді, тағы 120 миллиард теңгені мына дағдарысқа қарсы жұмыс жоспарының шеңберінде қарастырамыз. Ауыл шаруашылығы мұндай ақшаны ешқашан алып көрген емес.

Қуаныштысы сол, ауылға арналып, мен бекіткен үш жылдық бағдарлама жақсы қайтарым берді. Қазіргі біздің ауыл шаруашылығымыздың сипаты 2000 жылғыдан басқа. Адамдар қормалданып қалды. Шаруалардың қорасында малы бар, бақшасында дақылы бар, ұжымдасып еңбек етіп жүргендердің астығы жақсы, ақшасы да жақсы. Ал мына ақшаны қазір қайда жұмсаймыз? Біз бидайды экспортқа шығарамыз, Ресейге алғаш рет ет сата бастадық. Айтқандай, Ресей Бразилия мен Аргентинадан 1 миллион 400 мың тонна ет сатып алады, ал біз Ресейге әлдеқайда арзан әрі әлдеқайда сапалы ет жеткізіп бере алар едік. Ресейге ет сатуға мүмкіндік беретіндей кешендер құруымыз керек. Бүгінде жұртшылықты азық-түлікпен қамтамасыз етуде жетіспеушілік байқалады: күнбағыс майы 70 пайызға, жүзім 30 пайызға қамтамасыз етілуде, көкөніспен, жеміс-жидекпен біз өзімізді қамтамасыз еттік. Әлгі миллиардтаған ақша ірі қалалардың – ең алдымен, Астананың, Алматының, облыс орталықтарының айналасында ауылшаруашылық кешендерін құру, өнеркәсіпті дамыту, Зенченкодағыдай, Сауэрдегідей ет өңдейтін, сүт комбинаттарын салу үшін жұмсалады, Батыс Қазақстан, Алматы, Қостанай облыстарында ірі бордақы шаруашылықтары құрылады.

Оңтүстікте тамшылатып суару кең өріс алуда. Қазір 50 гектарлық жылыжай бар, келесі жылы 65 гектар болады, түбі 150 гектарға жеткіземіз.

 

Ақшаны осындай мақсаттарға жұмсаймыз. Ол ақша экспортқа да, өзімізге де жететіндей ауылшаруашылық өнімдерін береді. Ал тұтастай азық-түлік мәселесіне келсек, халқымыздың алаңдамауына болады. Біз өнімнің барлық негізгі түрлері – ет, сүт, май, қант, тағы басқалары бойынша азық-түліктің резервін жасап қойдық.

 

Ең соңғы бағыт – индустриялық бағдарламаны жалғастыру. Бұл іске де 1 миллиард доллар жұмсалады.

Осылайша, бес бағыт бойынша дағдарысқа қарсы шаралар бағдарламасы экономиканың нақты секторына тікелей көмек көрсетуді көздейді.

 

Біз бұл жылды қалай аяқтағалы отырмыз? Бұл жыл елдің ішкі жалпы өнімінің көлемі шамамен 135 миллиард американ долларына жетуімен аяқталады. Мұның өзі әр адамға, жан басына шаққанда 8 мың 450 доллар ІЖӨ келеді деген сөз. Біз мұндай нәтижеге бұрын қол жеткізген емеспіз. Егер Батыстағыдай “тұтынушылық қабілет тепе-теңдігі” тұрғысынан қарайтын болсақ, бізде электр қуаты да, азық-түлік те, тасымал да анағұрлым арзан екенін ескерсек, сөйтіп мұны екіге көбейтсек, онда 15 мың доллардай болып шығады. Ал бұл Шығыс Еуропа елдерінің деңгейімен шамалас келеді.

Жалпы макроэкономикалық көрсеткіштер мынандай. Инфляция жыл бойынша 10 пайыздан төмен болады, бәлкім, 9,4 немесе 9,5 пайыз болар, мен Үкіметке биылға осындай мөлшер белгілегенмін. Ал жұмыссыздық деңгейі керісінше, 7,6 пайыздан 6,5 пайызға төмендегелі отыр.

 

Экономикалық дамудың негізгі параметрлері осындай. “Нұр Отан” партиясының сайлауалды бағдарламасында белгіленген әлеуметтік бағдарламалардың барлығы да толық орындалуда, 1 қаңтардан бастап зейнетақы 25 пайызға, бюджет мекемелеріндегі жалақы 25 пайызға өседі, мемлекеттің халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелері сол күйінде қалады.

 

Серік Сәлиев (“Астана” телеарнасының бас директоры): – Нұрсұлтан Әбішұлы, әлемдегі экономикалық дағдарыс біраз елді алаңдатып отыр. Көпшілік жұмыссыз қаламыз, жалақы азайып кетеді, бәрі қымбаттайды деп уайымдайды. Осы жағдайда мемлекетіміз халықты әлеуметтік жағынан қалай қорғайды? Ол қаншалықты тең түрде жүзеге асырылады?

Н.Ә.НАЗАРБАЕВ: – Халқымыз ештеңеден қорықпауы керек мына өмірде. Мысалы, азық-түлік жөнінен қор жасап отырғанымызды жаңа айттым. Ешқандай қам жеудің жөні жоқ. Ешқашан мен халыққа болмайтын сөз айтқан емеспін. Қанша қиыншылық болса да, шынды айтып келемін, әлде де шынды айтамын. Сескенбеу керек. Мысалы, қиын кездерде біраз халық ақшаны банкке салмай, үйінде ұстайтын болды. Менің ойымша, халық 12 миллиард долларға бара-бар ақшаны үйде, қолда ұстап отыр. Бұл дұрыс емес. Біз 5 миллион теңгеге дейінгі ақшаға мемлекет кепілдік береді деп отырмыз. Үйде ұстаған ақшадан пайда жоқ. Біріншіден, ақшасын банкке салған адам үстеме процентін алады. Екіншіден, ол ақша мемлекетке жұмыс істейді. Ол ақша арқылы шағын бизнеске несие беріледі. Ол ақша арқылы бизнесте жұмыс істейтіндер қаражат табады. Ол қаражаттан бізге, мемлекетке салық төлейді. Ол салықты біз зейнетақы, жалақы етіп қайтарамыз. Осыны білу керек, қаржыны банкке салудан қорықпау керек. Банк жүйесін біз қорғап отырмыз. Дүниежүзінің талай банктері құлап жатқанда біздің бірде-бір банк әлі банкрот болған жоқ. Өз ақшасымен өз тірлігін жасап отыр деп айтуға болады. Бұл жағынан еш нәрседен сасудың жөні жоқ. Жұмыс істеу керек. Жеріміз кең, мал-жанымыз аман. Рас, өндірісте қиыншылық бар, бірақ одан да өтеміз. Әрине, алда қиыншылықтар болады. Қиыншылық болатын себебі, бүкіл әлем экономикасының қарқыны келесі жылы төмендейді. Оның дұрыс жағы да бар. Мысалы, бұған дейін бүкіл әлем негізінен несиеге өмір сүрді. Дүние жүзінің банктері 33 триллион доллар қаржыны жоғалтты. Ол қайдан келген ақша? Ол, орысша айтқанда, “мыльный пузырь”, нақты жоқ нәрсе. Талай адам жоқ ақшаға өмір сүрді, жоқ ақшаға жеді, жоқ ақшаға ішті, жоқ ақшаға киінді, жоқ ақшаға салды, көзге көрінбейтін, былайша айтқанда, “виртуальный” ақшаға. Енді бірте-бірте оның бәрі кетеді, экономика аяғына тұрады төменге түсіп. Нағыз экономика енді басталады. Дағдарыстың пайдасы дәл осыдан танылатын болады.

 

Мұндай дағдарыстар нарықтық экономикада болып тұрады, бірақ та парасатты мемлекет осынау шырқау келеңсіздіктен өту үшін жақсы кездерде қор жинақтайды. Біз нақ осындай парасатты мемлекетке жатамыз.

Егер еске түсірсеңіздер, мен Ұлттық қор құруға тапсырма берген кезде “Келіңдер, әркімге 10 мың теңгеден үлестіріп берейік” деген “достар” болған. Сол кезде үлестіріп бергенде, әркімге 10 мың теңгеден дегеніміз не тәйірі? Бүгін ол жоқ болар еді, сонда қазір біз банкроттыққа ұрынған мемлекеттердің арасынан табылар едік. Міне, Исландияны көріңіздер. Исландияның жан басына шаққанда ІЖӨ-нің ең үздік көрсеткіші бар еді, енді ол банкрот мемлекет. Қараңыздар, сол өркендеп тұрған Ұлыбританияда не болып жатқанын.

Бүгін Құрама Штаттардың жаңадан сайланған президенті Барак Обаманың экономика жөніндегі кеңесшісі экономиканы қолдауға бұрынғыға қосымша тағы 750 миллиард доллар ұсынатынын мәлімдегені жөнінде ақпарат өтті. Ресей бұл мақсатқа 200 миллиард доллар жұмсады, Қытай да өз резервінен 200 миллиард доллар жұмсады.

 

Тек бізге арандаудың, дүрлігудің қажеті жоқ. Біз де ол үшін ешқандай себеп жоқ. Біз қазір есептеп, байқай бастадық, адамдар қорқатынды шығарыпты, ақшаларын банкке салмайды, былайша айтқанда, “көрпенің астында” сақтайды. Егер сіздер ол ақшаны үйде ұстасаңыздар, сақтап қаламыз деп ойлайсыздар ма? Тағы да айтамын: сіздің ақшаңыз банкте ел халқына жұмыс істейді. Сіздің ұтқаныңыз, елдің ұтқаны, біздің адамдардың ұтқаны. Сондықтан бұдан қорықпау керек. Егер бір жамандық болса, қай кездегідей мен халқымызға адалынан және турасын айтамын, қиын жылдарда да, жақсы жылдарда да, осы жолы да солай етемін. Қай жерде қиын, қай жерде жаман екенін, не істеу керектігін сіздерге түсіндіремін, айтамын, көрсетемін.

Біз қазір белгілеген осынау бүкіл бағдарлама адамдарды қайта оқытуға, адамдарға жұмыс беруге, адамдарды тамақтандыруға, адамдар үшін баспана салуға, шағын және орта бизнеске жұмыс беруге, сол іске тағы да көп адамдарды тартуға бағытталған.

Жеке өз басым осының бәріне оптимизммен қараймын, өйткені осынау оптимизм барша қазақстандықтарда бар екенін сеземін, біз бұл қиындық белесінен дұрыс өтетінімізді сеземін.

 

Жанай Омаров (“Қазақстан теледидары мен радиосы” республикалық корпорациясы басқармасының төрағасы ) : – Сіз жаңа 2009 жылы Үкіметтің алдына қандай міндеттер қоясыз?

 

Н.Ә.НАЗАРБАЕВ: Бірінші міндет – бізге келе жатқан сол дағдарыстың ықпалын азайту үшін дағдарысқа қарсы бағдарламаны ойдағыдай жүзеге асыру. Мұнда мен мынадай тұрғыда нақты айтуға тиіспін, ықпалды азайту үшін біз, әрине, жұмыс істей аламыз, алайда, ұзақ мерзімді дамуға қол жеткізу үшін бүкіл әлемдегі жағдай жақсаруы тиіс. Бұдан жалғыз-жарым жүріп ешкім “шыға” алмайтынын жұрттың бәрі түсінетін болады.

 

Екінші мәселе – біздің адамдардың әлеуметтік жағдайын нашарлатпау. Бізде Қазақстанда, бүкіл әлемде де бүгінде дағдарыстан барынша көп зардап шегетін кім? Бұл өнеркәсіптің ауыр салалары. Бірақ та олар, ең бастысы, жұмысшыларын босатпауы үшін, олар өзінің жұмыс орны бар екенін білуі үшін қазір 60 миллиард теңгеге шарттар, барлық кәсіпорындармен меморандумдар жасастық. Әлбетте, олар қазір мәжбүрлеп демалысқа жіберу, толық емес жұмыс күні әдісін қолдануы мүмкін, бірақ та біз оларға осы кезде жұмысшыларды қайта оқытып, оларға жұмыс мамандықтарын беруді ұсындық. Мұндайлар 4 мың адам болады.

Мен қазір өнеркәсіптің ауыр салаларының барша қызметкерлеріне, инженер-техник қызметкерлеріне уақытты зая кетірмей, екінші, үшінші мамандық алуды ұсынамын. Бұл қай кезде де қажет, ал қазір тіпті қажет. Мұны өнеркәсіп орындары өз мойындарына алып отыр, өнеркәсіп орындары жалақы төлеуді алып отыр, бұл үшін оларға зор рахмет. Біз оларға қоғамдық жұмыстар беру туралы ойланатын боламыз.

Осы кезеңде біздің адамдар жұмыспен айналысатын ірі қалалардың төңірегінде мектептер салуды жалғастыру, ауруханалар, автомобиль жолдарын, темір жолдар салуды жалғастыру керек.

 

Дәурен Дияров (“ҚазАқпарат” ұлттық компаниясы” АҚ президенті): – Нұрсұлтан Әбішұлы, өтер жылы өзіңіз атқарғандардың ішінен Сіз ең маңызды деп нені санайсыз?

 

Н.Ә.НАЗАРБАЕВ: - Ең бастысы, бәрінен бұрын, біздің азаматтардың саяси тұрақтылыққа, достыққа, толеранттылыққа, төзімділік пен тыныштыққа негізделген әлеуметтік көңіл-күйінің болғаны. Мен бұл туралы барлық кезде айтқанмын және айтудан ешқашан жалықпаймын, өйткені, бұл – кез келген мемлекеттің өркендеу негізі. Егер біз ұлтаралық келісімді, біздің адамдардың толеранттылығын, осынау қиын кезеңдегі төзімділігін сақтамасақ, экономиканың ешқандай өсімі, зейнетақының ешқандай өсімі, жалақының ешқандай өсімі, тұрмыстың жақсаруы болмайды. Бұл – ең бастысы, өмірдің алтын өзегі.

Лев Николаевич Толстойдың сөзі еске түседі, ол былай деген еді: “Ізгілік адамдарды біріктіреді. Қаскөйлік адамдарды бүрліктіреді”. Бұл – біріншіден.

 

Екіншісі, әлбетте, үстіміздегі жылы әзірленген дағдарысқа қарсы бағдарламамыз.

Міне, осы екі нәрсені мен өте маңызды болды деп санаймын.

Барлық қиындықтарға қарамастан, біз биылғы жылы аса маңызды нысандарды: Қазақстанның оңтүстігін электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін – “Екібастұз-Орталық” ЛЭП-500 электр желісінің бірінші кезегін, “Қостанай-Ақтөбе” электр желісін іске қосқанымыз туралы айттым. Бұл тұрғыдағы біздің тәуелсіздігімізді Қарағандыдағы металлургиялық кремний, Қарағандыдағы құрылыс металын өндіру жөніндегі зауыт қамтамасыз етеді. Яғни, біз корпоративтік көшбасшылар туралы айтқанда, корпоративтік көшбасшыларға, бірінші – ешқашан Қазақстанда болмаған өнім өндіретін, екінші – бұл өнімі өнімділіктің кем дегенде 20% өсімімен өндірілуі тиіс, үшінші – бұл өнімі экспортқа сатылатын кәсіпорындар жатады. Міне, осындай 7 кәсіпорынды биылғы жылы салдық. Бізде мұндай ешқашан болған емес.

Арматураны да 400 мың, 500 мың, жарты миллион тонналап біз Ресейден, Украинадан әкелетінбіз, енді өзіміз өндіреміз.

 

Сондай-ақ бізде енді орасан ауылшаруашылық кәсіпорындары болады, оларды серпінді жобалар деп санау керек. Мәселен, Солтүстік Қазақстандағыдай сүт кешені болады, ол серпінді жоба, өйткені ол әр сиырдан сүт өнімділігін біздің көрсеткіштермен салыстырғанда еселеп ұлғайтады. Бұл – серпінді жоба.

Халықаралық тұрғыдағы ахуалға байланысты да айтайын. Бізге биыл 9 мемлекеттің басшысы сапармен келді, мен 7 елге мемлекеттік сапар жасадым. Францияға сапарды айрықша атап айтқым келеді. Сондағы қол жеткен уағдаластықтардың арқасында “Альстон” және “ЕДС” секілді компаниялар Қазақстанда алғаш рет спутниктер жасау жөніндегі зауыт салады. Бұл жаңа техника, технология – нақ Астанада салынады.

 

Екінші маңызды сапар Жапонияға жасалды. Осы сапардың нәтижесінде аса ірі компаниялармен, қазір орын алып отырған қиындықтарға қарамастан, олар Қазақстанға өз инвестицияларымен келеді деп уағдаластық.

Үшінші өте маңызды сапар Қытай Халық Республикасына жасалды, мұнда Төраға Ху Цзиньтаомен біз үлкен инвестициялық жобалар туралы уағдаластық. Жуырда біздің делегация оларда болды және біз Қытайдан 10 миллиард американ доллары көлемінде түрлі нысандарға несие алуды күтіп отырмыз. Қытай компаниялары Балқаш ЖЭО, Қостанай ЖЭО құрылысының, “Батыс Қазақстан-Оңтүстік Қазақстан” газ құбыры құрылысының, Түркіменстаннан Қазақстан арқылы Қытайға баратын газ құбыры құрылысының тендерлеріне қатысуда. Бұл өте үлкен инвестициялар, олар біздің халыққа көп жұмыс береді.

Бұдан кейін Каирға, Мысырға сапарым болды, онда біз заң қабылдап, Қазақстанда ислам қаржыландыруы да болатындығына уағдаластық.

 

Менің Біріккен Араб Әмірліктерінің, Катардың, Бахрейннің, Кувейттің, Сауд Арабиясының президенттерімен келіссөздерім және кездесулерім осы мемлекеттердің біздің еліміз үшін инвестицияларынан үлкен дивидендтер түрінде өз нәтижелерін береді деп ойлаймын.

 

Александр Тараков (“Казахстанская правда” республикалық газеті” АҚ президенті): – Құрметті Президент мырза! Сіздіңше келер жылы қандай халықаралық оқиғалар Қазақстан үшін айрықша маңызды болады?

 

Н.Ә.НАЗАРБАЕВ: Бізді ЕҚЫҰ-ға төрағалықтың басталуы күтіп тұр – бұл басты мәселе. Біз үштікке 2009 жылы кіреміз. Біз ЕурАзЭҚ-ға, Шанхай ынтымақтастық ұйымына және Ислам конференциясы ұйымына төрағалық ететін боламыз және бұл – өте үлкен және маңызды міндеттемелер.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІІІ съезі келесі жылы болады. Мен өте қауырт бағдарлама болады деп ойлаймын. Ал қыркүйекте Қазақстанда ерен Давос экономикалық форумы болады.

Менің келесі жылғы сыртқы саяси қызметім Үндістанға сапардан басталады, экономикадағы қиындықтарға қарамастан, бұл сапардан да біз үлкен уағдаластықтар күтеміз.

 

Гүлнәр Ықсанова (“Хабар” агенттігі” АҚ бас директоры): – Менде Жаңа жыл қарсаңына лайық сұрақ бар еді. Балалықты еске алу өте ыстық, ізгі болып келеді. Сізден білгім келгені, Сізге бала кезіңізде жаңажылдық сыйлық бергені есіңізде қалған болар. Балалар қазір сыйлық алуға үйреніп алды, олар Жаңа жылды асыға күтеді. Сіз, соғыстан кейінгі кезең болса да, бала кезіңіздегі ең сүйікті сыйлығыңыз, ең тәуір сыйлығыңыз есіңізде болар.

 

Н.Ә.НАЗАРБАЕВ: Менің тұстастарым қазір біздің бөбектерімізге “адал қызғанышпен” қарайды. Біз оларды қалай еркелетеміз, қалай аяушылық көрсетеміз. Олар үшін біз өзіміз Аяз Ата мен Ақшақар болуға дайынбыз. Балалардың жүзінен күлкі көру – бұл, әрине, ең үлкен бақыт. Сондықтан да біз оларды барынша өбектеп бағамыз.

 

Ал біздің балалық шақ, менің балалық шағым – соғыстан кейінгі балалық шақ: күйзеліс, жетіспеушілік және толық жоқшылық, әсіресе ауылда тұрғандарға қиын тиді, осында отырған сендер де мұны сездіңдер, бұған сенімдімін. Бұл енді ерен қиындық еді. Бірақ та бәрібір балалық шақ оны байқамайды.

Өмірімдегі екі сыйлығым есте қалыпты. Біз, ауыл балалары, әдетте көктем басталып, жер кебісімен, жалаңаяқ жүгіре бастаймыз. Осылай қоңыр күзге дейін созылады. Аяғымыз жарылып кетеді, апам оны жуып, қаймақпен, маймен біздің тілім-тілім, қанталаған өкшемізді майлап жататын. Содан күзде маған әскери қызметте болған бір ағам етік сыйлады. Сықырлап тұратын әдемі қара етік еді. Мен мұны өмір бойы ұмытпаймын. Мен сол етікті киіп, футбол ойнауға шықтым. Үш күннен кейін етік қақ айырылды, бәлкім, сапасы сондай болған шығар, содан қатты уайымдадым. Қуаныш пен мұң қатарласа келді.

Енді есте қалған екінші сыйлық жөнінде айтайын. Бірде мен қатты ауырып, бірнеше күн ес-түсімді білмей (апамның айтқаны) жатыппын. Содан есім кіргенде алма сұраппын. Бұл желтоқсанның кезі еді. Әкейдің өзі керемет бағбан болатын, бір алма ағашына бір жағынан алмұрт, екінші жағынан – апорт өсіре беретін. Бірақ оның бәрін сақтамайтын. Алайда, оның достарының қатарында үлкен ұралары бар көршілеріміз болды. Мен осыны айтып, тағы да есімнен танып қалсам керек, таңертең әкей Алматының қып-қызыл екі апортын әкелді. Содан бері мен апортты жақсы көремін және Алматы апортын қалпына келтіру үшін бәрін істеудемін. Қазір бұл іспен көп адамдар айналысады. Сол екі үлкен қызыл апортты қыста қойнына тығып әкеліпті, сонда 7 жастамын ба, әлде 6 жастамын ба, оны білмеймін, екі алманың суық болғаны есімде. Үйдегілер оларды жылыту үшін пештің, плитаның үстіне қойыпты, содан кесіп, маған сол алмаларды берді. Сол апорттың иісі, сол апорттың дәмі осы күнге дейін аузымда тұр. Қазір қолыма апорт алған сайын сол оқиғаны еске түсіремін.

Осында, “Хабарда” болғандықтан, еліміздің бүкіл журналистер қауымын да Жаңа жылмен құттықтау үшін арнайы келдім.

 

Баршаңызды тағы да Жаңа жылмен құттықтаймын! Бар жақсылықтарды тілеймін!

 

(«Егемен Қазақстан» газеті, желтоқсанның 31-і, 2008 жыл)


ВКонтакт Facebook Одноклассники Twitter Яндекс Livejournal Liveinternet Mail.Ru

Назад в раздел